ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ «ТӘТТІ» ЖОЛ
Надежда Ильинична Матрюкованың мансап жолын «тәтті» деп атауға болады. Өйткені, ол жарты ғасырдан бері қазақстандықтардың сүйіспеншілігіне бөленген «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасының технологы қызметін атқарады.
Жас маманның алғашқы жұмыс күні Қостанайдағы жалғыз кондитерлік цехта химик-технолог болып басталды. Коркинский тамақ өнеркәсібі колледжінің (Челябі) түлегі сол кезде печенье цехына қабылданған еді. Жас маман сол қызметте 10 жыл жұмыс істеді. Ал 1986 жылы Надежда Ильинична ірі өндірістің бас технологы болып тағайындалды.
Сағыныш дәмі
Кей кезде «Кеңес Одағы кезінде осылай болған еді» деген сөзді естіп қаламыз. Өйткені, кейде адамдар өткеннің естеліктерін арасында еске алып қойғанды ұнатады. Мұндай сезімді ностальгия деп атаймыз. Надежда Ильиничнаның сөзінше, «Буревестник» кәмпитінің бір бөлігін тістеу арқылы бақытты балалық шақтың дәміне бөленіп кетуге болады». Бұл ретте айта кететін бір жайт, «Баян сұлу» фабрикасының 300-ге жуық өнімін дайындау технологиясы да сол кездегідей өзгеріссіз қалды. Сол себепті тұтынушылар ерекше дәмді әрдайым сағына еске алып, татады. Таңдайды.
Технология өзгерді
Бүгінде кондитерлер негізінен еуропалық жабдықта жұмыс істейді. Өндірушілер өз рецепттерін ұсынғанына қарамастан, технолог Матрюкова өзінің тәтті дайындау әдісіне берік. Өйткені, тұтынушы үшін жүйелілік маңызды. Әр түрлі жастағы тұтынушылар дәмге сапа кепілі ретінде сенеді. Кейіпкеріміздің айтуынша, еуропалықтар шоколадты небәрі 6 сағат қажетті температурада қыздырып, содан кейін араластырады. Бірақ бұл бірден сапаға әсер етеді. Алайда, «Баян Сұлуда» бұл үрдіс әлдеқайда ұзағырақ жүргізіледі. Бұл үш ауысымдық уақыт пен электр энергиясын көбірек тұтынса да, әсері орасан зор», – дейді бас технолог.
Тәжірибе – сапаның кепілі
«Сіз өз жұмысыңызды жақсы көруіңіз керек. Тіпті, демалыста да тәттілердің иісін сағынатындай сүйікті ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіз болуы қажет». Надежда Ильинична өз жұмысын дәл осылай сипаттайды. Ол өзінің жарты ғасырлық мансабын күнделікті күйбең тірлік деп санамайды. 50 жыл бойы адамдарға кәпмит немесе вафлиден ләззат сыйлау қуанышы – тұрақты табыстың құпиясы болса керек. Бұл жерде мәселе тек жеке бастың табысында ғана емес. Өйткені, бүкіл кондитер фабрикасы жарты ғасырға жуық уақыттан бері күрделі даму кезеңдерінен өтті.
«Баян сұлу» фабрикасының цехтарында апта сайын дәм татуға арналған кеңестер өтеді. Технологтар мен кондитерлер өнімдердің дәмін салыстырып, тәтті дайындаудың әр кезеңінің дұрыстығын анықтайды. Түсі, иісі, консистенциясы – мұның бәрі мұқият тексеріледі. Бұл процесс толық автоматтандырылғанына қарамастан, бұл – өндірістің нарықта тұрақты орын алуына мүмкіндік беретін дәстүр болып отыр.
Жаңа әрқашан дәмді бола бермейді
Надежда Матрюкованың пікірінше, жастар бүгінде көп таралған кондитерлік өнімдердің «қантсыз» деген жарнамасы мен мінсіз консистенциясына негізделген брендіне көп еліктемегені жөн. Өйткені, дәмді рецепттердің негізгі ингредиентінің алмастырғыштары денсаулық үшін қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар, олар жиі қымбатқа түсіп жатады. Сондықтан ондаған жылдар бойы дәлелденген технологияларға сенген дұрыс, – дейді білікті маман.
70 жасқа келген Надежда Ильинична кәмпиттердің дәмін күн ара татса да, денсаулығына шағымданбайды. «Кәмпитпен шай ішу әдетінен бас тартпай-ақ, фигураларыңыз бен денсаулығыңызды күтуге болады. Бастысы, тәттінің шегін білу керек», – дейді кейіпкеріміз. «Айтпақшы, біздің көптеген өнімдерді экоөнімге жатқызуға болады. Өйткені, кәмпиттерге, иристерге, вафли мен дражеге кептірілген жемістерді қосамыз. Атап айтсақ, аргентиналық жержаңғақ, Америкадан әкелінген қара өрік, түріктің кептірілген өрігі бар» деген пікірмен бөлісті Надежда Матрюкова.
Айтпақшы, қоспаларды шығаратын елдер ұзақ технологиялық тәжірибелерден кейін таңдалды. Надежда Матрюкова өз командасымен бірге Қытай, Өзбекстан және Аргентинадан шикізат сатып алып көрген. Бұл аймақтардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар,- дейді ол. Өзбек арахисі хош иісті, бірақ оларды ұнтақтау оңай емес, Қытайда өсетін түрі май жасау үшін үйлесімді, ал аргентиналық арахис біз үшін өте қолайлы болып отыр. Кондитерлік технологтың бір күнін сипаттасақ осы: ол жаңа дәм мен білімге толы.
Жастарға ескертпе
Надежда Матрюкова өз тәжірибесі мен білімін көптеген мамандарға үйретті.
Айтуынша, фабриканың барлық өнімін жақсы көреді. Атап айтсақ, «Пилот» деп аталатын шоколад глазуріндегі қант помадасынан жасалған тәттілермен шәй ішеді. Кәмпиттің бұл атауы да оның өмірі іспетті. Өйткені, кезінде шағын ғана цехқа жұмысқа орналасқан жас маман бүгінде жалпыға танымал «Баян Сұлу» фабрикасымен бірге жарты ғасыр бойы жасасып келеді. Биікке ұшып, қанаты талмай, көкте абыроймен самғап жүр.